Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде 2013 жылдың 6 наурызында, сағат 15.00-де көрнекті композитор — қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ғасыр әуені» атты көрме ашылады.

М. Төлебаев 1913 жылдың 13-наурызында Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы (қазіргі Алматы облысы, Сарқанд ауданы), Қарашаған ауылында дүниеге келген. 1933 жылы еңбек жолын бастаған ол 1938-1941 жылдар аралығында Москва консерваториясы жанындағы Қазақ студиясында оқыған. Ұлы Отан соғысына байланысты, консерваторияны 1951 жылы бітіреді.

Мұқан Төлебаевтың шығармашылығы көпқырлы, сан алуан жанрларды қамтиды. Ол спектакльдер мен кинофильмдерге музыкалар, кантаталар, опералар, камералық-аспаптық туындылар және хорға арналған симфониялық шығармалар жазды. Олардың ішінен «Амангелді» ( Ғ.Мүсіреповтің либреттосы) операсы, «Қазақстан» симфониялық поэмасы мен «Коммунизм оты» кантатасын ерекше шоқтығы биік туындылары деп атап өткен жөн. Ол 1945 жылы Е.Брусиловский және Л.Хамидимен бірге Қазақ ССР Мемлекеттік әнұраны сазының авторларының бірі болды.

Композитор М.Төлебаевтың ұлттық опера классикасындағы ең үздік шығармаларының біріне айналған «Біржан — Сара» (Х.Жұмалиевтың либреттосы) операсы 1946 жылы дүниеге келді.

Мұқан Төлебаев өзінің жемісті шығармашылық жұмысын белсенді қоғамдық қызметпен де ұштастырды. Ол 1942-1944 жылдары Қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, 1955-1956 жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы (1953-1955 және 1959-1960 жж.) қызметтерін атқарды. Сондай-ақ ол КСРО Композиторлар одағының басқарма мүшесі және КСРО Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды.
Музейдің IV залына қойылған көрмеде М.Төлебаевтың өмірі туралы кітаптар, фотоматериалдар, құжаттар және өзіне тиесілі жеке заттар мен сыйлықтар, оның ішінде Сталин сыйлығының лауреат белгісі қойылған. Сонымен қатар, көрмеден оның анасы Тәжібаланың өмірден ерте озған дарынды композиторды жоқтап жазған «Ана зары», «Толғау» атты қолжазбаларының түпнұсқасы, бірнеше музыкалық шығармаларды дүниеге әкелген М.Төлебаевтың роялін көруге болады. М.Төлебаев құрметіне Алматыда оның есімімен көше аталып, музыкалық мектепке есімі берілген, тұрған үйінде мемориал тақта және ескерткіш орнатылған.

Көрменің ашылу күні М.Төлебаевтың музыкалық шығармаларынан үзінділер ойналып, жұбайы Дариға Ғазизқызы Төлебаева, композитордың шығармашылығын зерттеуші профессор Н.С.Кетегенова өздерінің естеліктерімен бөліседі. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері өз өнерлерін көрсетеді.
Көрме сәуір айының соңына дейін жалғасады.

 

Понравилась публикация?

Поделитесь с друзьями, воспользовавшись кнопками ниже:

Нравится
Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Добавить комментарий